Мұнай өнімдерін өндіруге 148,5 млрд теңге инвестиция тартылады

663

Соңғы 10 айда 11,3 млн тонна мұнай өнімі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 109%-ды құрады. Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұнай өнімдерін өндіруге 148,5 млрд теңге инвестиция тартылады

"Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғаннан кейін өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, 2025 жылға қарай елімізде мұнай өнімін өндіру көлемі 15,3 млн тоннаға жетеді.

"Қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шара жоспарланған. Биыл Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұл өндіріс қуатын жылына 400-450 мың тоннаға дейін ұлғайтады. Түркістан облысында жеке инвесторлармен мұнай өңдеу зауыттарын салу жобасы жүзеге асырылуда. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бірінші жоба – Standart Рetroleum & Со. Жобаның мұнайды қайта өңдеу қуаты 2 млн тоннаға тең. Екіншісі – жылына 100 мың тонна көмірден қайта өндеу арқылы синтетикалық мұнай өндіруге мүмкіндік беретін "Стандарт Ресорсиз" жобасы. Кейін бұдан мұнай өнімі шығарылады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, 2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, гидротазарту қондырғысын жаңғырту жөніндегі жоба іске асырылады. Жаңғырту нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қысқы дизель отыны шығарылады.

"Жоғарыдағы іс-шараларды іске асырудың нәтижесінде мұнай өнімін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2,2 млн тоннаға дейін артып, 15,3 млн тоннаны құрайды. Бұған 148,5 млрд теңге инвестиция тартылады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу