Қазақстан мұнай өнімдерін шет елге сатуға салынған тыйымды ұзартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Үкімет бұл шараны ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алып отыр.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 20 қарашадан 2026 жылдың 20 мамырына дейін Қазақстан аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен мұнай өнімдерін, соның ішінде бензин, дизель отыны және бірқатар басқа да мұнай өнімін шығаруға тыйым салынады.
Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне де қолданылады.
Аталған шектеулер:
- жанар-жағармайлар;
- көлік құралдарының зауытта орнатылған бактарындағы отын;
- ғылыми-зерттеу және сынақ жұмыстарына арналған авиаотын (уәкілетті органмен келісілген жағдайда);
- Үкімет шешімімен жүзеге асырылатын гуманитарлық көмекке қолданылмайды.
Бұған дейін Қазақстанда осындай шектеулер бірнеше рет енгізілген. Ол кезде бұл шаралар нарықты теңестіріп, бағаның өсуін тежеуге және жанармайдың көрші елдерге заңсыз шығарылуын болдырмауға мүмкіндік берген еді.