Мұнайшылар екпеден бас тартып жатқан жоқ

787

ТШО одақ төрағасының сөзін теріске шығарды.

Мұнайшылар екпеден бас тартып жатқан жоқ

Теңіз кенішінде 6,5 мың мұнайшы "Спутник V" екпесін алмақ. Қазіргі күні ТШО компаниясында 1 мың адам егілген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін республикалық БАҚ-тарда Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың мұнайшылардың 90 пайызы екпеден бас тартып жатқанын жөніндегі мәлімдемесі тараған болатын. Онда төралқа төрағасы: "Теңіз кенішіндегі мұндай жағдай зауыт құрылысын тежеуі мүмкін. Бас тартудың бір себебі – еңбек заңдылығы бойынша вахталық қызметкерлердің жалақысына қосымша үстемақы төленеді. Ал олар вакцина қабылдағаннан кейін оқшаулануы тиіс, бұл олардың еңбекақысына әсер етеді", - деп түсіндірген еді.  

"Біз екпе жұмыстары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Басқа облыстың тұрғындары өздерінің тұрғылықты мекен-жайлары бойынша егілді.

"Спутник V" вакцинасының екі құрамын алған жұмысшыларға да оқшауланудың қажеті жоқ", - дейді "Теңізшевройл" ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев. 

Белгілі болғандай, 9 сәуір күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы ТШО-ның мердігер және субмердігер компанияларына "Спутник V" вакцинасының 4 мың дозасын бөлген. Атырау қаласы мен Теңіз кен орнында екі екпе егетін орын ашылған. Сондай-ақ, Теңіз кенішінде короновирус дертін жұқтырғандар санының азайғаны байқалуда екен. Мәселен, соңғы тәуліктер бойынша оны үш адам жұқтырғаны анықталыпты.  

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу