Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тойда уағыз айтып, музыка мен әншілерге қатысты пікір білдірген ер адамның мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы" деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызуда. Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз", – деп хабарлады мүфтият.
ҚМДБ жазуынша, ислам діні адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді құптамайды.
"Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз", – делінген ҚМДБ таратқан хабарламада.
Айта кету керек, бұған дейін Ерлан Қариннің тойда ерсі уағыз айтқандарға қатысты пікір білдіргенін жазғанбыз.