Мысырдың Азаматтық авиация министрі Самех әл-Хефни қаңтар айының соңына қарай елдегі әуежайларда туристерге арналған миграциялық карталар жойылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
"Қаңтар айының соңына дейін біз көші-қон карталарын алып тастаймыз", – деді әл-Хефни.
Азаматтық авиация министрінің айтуынша, Мысыр әуежайларына келетін немесе елден ұшып шығатын жолаушылар үшін карталарды толтыру талабын алып тастау сапар рәсімдерін жеңілдетеді. Сондай-ақ, жолаушылардың уақытын үнемдейді. Енді әуежайларда жаңа жүйе қолданылмақ. Онда туристердің деректері алдын ала тексеріледі.
Самех әл-Хефни әуежайларда цифрландыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.