Мысырлық археологтар Синай түбегінде шамамен 10 мың жыл болатын тарихқа дейінгі тастардан құралған баспананы анықтады. Елдің туризм және көне жәдігерлер министрлігі ол Оңтүстік Синай провинциясындағы Джабаль-Умм-Арак тауында табылғанын хабарлады. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мысырдың туризм министрлігі құмтастан түзілген табиғи баспананың үлкен тарихи әрі көркемдік құндылыққа ие екенін жеткізді. Нысанның ұзындығы 100 метрден асады. Төбесі қызыл және сұр түсті суреттермен көмкерілген. Онда жануарлар бейнесі, символдық фигуралар және әр дәуірдің күнделікті тұрмысын бейнелейтін көріністер салынған. Суреттердің бір бөлігі б.з.д. 10 000-5500 жылдар кезеңіне жатады.
Бейнелердің арасында садақ пен ит ұстаған аңшылар, түйе мен жылқы мінген салт аттылар, бұрынғы араб жазбалары бар. Туризм және көне жәдігерлер министрі Шериф Фатидің сөзінше, бұл жаңалық Синай түбегінің бай мәдени мұрасын дәлелдеп, мыңдаған жыл бойы бұл өңірде түрлі өркениеттер өмір сүргенін көрсетеді.
Умм-Аракты ашық аспан астындағы табиғи мұражай деуге болады. Себебі ол тарихқа дейінгі кезеңнен бастап ерте ислам дәуіріне дейінгі кезеңді бейнелейді. Қазба жұмыстары кезінде жануарлардың сүйектері мен тұрғынжай іздері де табылған. Бұл жартас баспананың адамдар мен жануарларға арналған тұрақ ретінде қолданылғанын білдіреді.