Мысырда басына жарнама тақтасы құлап қаза тапқан Қазақстан азаматшасының отбасына сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді. Мәйітті елге жеткізу, жерлеу және басқа да жұмыстарды солар мойнына алды, деп жазады inbusiness.kz сайты "Туристік Қамқор" қорына сілтеме жасап.
Дене жарақатын алған өзге азаматтарға да қаржылай өтемақы төленеді.
"Бұл мәселемен бірінші кезекте сақтандыру компаниясы айналысады. Ал туристік компания барлық міндеттемелердің орындалуын қадағалауы керек. Сыртқы істер министрлігі де үлкен жұмыс істеуі қажет. Тергеу барысында әуежайдың кінәсі дәлелденіп жатса, олардан да өтемақы талап ету қажет болады", – деп мәлімдеді "Туристік қамқор" қорының төрайымы Инна Рей.
Жағдайды Мысырдың азаматтық авиация министрлігі мен Қазақстанның Мысырдағы елшілігі өз бақылауына алды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ақмарал Мұқанова жылдар бойы Ақтөбеде құқық қорғау органында жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Мысырдағы демалысқа өзінің 22 жасар ұлымен барған. Әуежайдағы жазатайым оқиға кезінде баласы телефонын қуаттау үшін орнынан тұрып кеткен екен.