Намбарын Энхбаяр: Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана дами аламыз

621

Моңғолияның 3-ші президенті Намбарын Энхбаяр Орталық Азия медиа форумында сөйлеген сөзінде Орталық және Солтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы кеңейтілген әріптестіктің маңызына тоқталды, деп жазады inbusiness.kz. 

Намбарын Энхбаяр: Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана дами аламыз Фото: el.kz

"Біз постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл дәуірге мемлекеттік институттарға, саяси партияларға, ірі компанияларға, әсіресе трансұлттық компанияларға, ғылымға, бұқаралық ақпарат құралдарына – бәріне дерлік деген сенімнің жоғалуы тән. Постмодерн дәуірі пост-шындық деген терминмен де сипатталады. (...) Пост-шындық дәуірі көпшілігімізге, соның ішінде Кеңес Одағында өмір сүргендер мен оқыған адамдар үшін мүлдем жаңа нәрсе болып та көрінуі мүмкін. КСРО құбылыс ретінде жай ғана ел болған жоқ. Ол өтіріктің шындыққа, ал шындықтың өтірікке айналған кеңістігі пен уақыты болды", - деп атап өтті Намбарын Энхбаяр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елдердің күш-жігерін біріктіру арқылы ғана дамуға болады.

"Осындай қиын кезеңде өз мүдделерімізді жалғыз қорғау қиындық туғызады. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана дами аламыз. Бұл тұрғыда түркі тілдес елдер ретінде Орталық Азия елдері бір-бірімен белсенді ынтымақтасуда. Соңғы жылдары Моңғолия Солтүстік-Шығыс Азия елдері топтарының белсенді мүшесіне айналып отыр. Бірақ та, ХХІ ғасырда әр түрлі аймақтағы елдер арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың болашағы зор деп есептеймін. Осы тұста Орталық және Солтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың кезең-кезеңімен дамуын да айтуға болады", - деді спикер.

Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу