АҚШ-тың одақтастары Ормуз бұғазын ашуға көмектеспесе, НАТО-ны бұлыңғыр болашақ күтіп тұр. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп Financial Times газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Осылайша Трамп Еуропа елдерін АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттеріне қосылуға шақырып отыр.
"Жауап берілмеген жағдайда немесе ол теріс болып шықса, меніңше, бұл НАТО-ның болашағы үшін өте жаман", – деді АҚШ президенті.
Дональд Трамп АҚШ-тың өз одақтастарына бұған дейін аямай қолдау білдіргенін еске салды.
"Біз оларға өте жақсы қарадық. Бізге Украина мәселесінде көмектесу міндетті емес еді. Украина бізден мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан біз оларға қолдау білдірдік. Енді олар бізге көмектесе ме, соны көрейік. Себебі мен әрқашан біз олармен бірге екенімізді, ал олардың біздің жанымыздан табылуы екіталай екенін айтып келемін. Олардың бізге болысатынына сенімді емеспін", – деді АҚШ президенті.
Сондай-ақ Трамп АҚШ одақтастары бұғаздағы миналарды тазарту үшін арнайы кеме жіберуі керек деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай кемелер АҚШ-қа қарағанда Еуропада көбірек.
Наурыздың соңында Дональд Трамп Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуін кейінге қалдыруы мүмкін екенін де айтып қалды. Яғни, егер Қытай бұғаз арқылы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспесе, кездесу өтпеуі ықтимал. Ақ үй басшысы Еуропа мен Қытай Парсы шығанағы аймағынан жеткізілетін мұнайға тәуелді екенін жеткізді.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ Ормуз бұғазы арқылы кемелерді алып жүру үшін халықаралық коалиция құратынын жазғанбыз.