Оған науқастың қайтыс болуына қатысты іс бойынша үкім қайта қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Апелляциялық алқа бұрын шығарылған үкімді тым қатаң деп санаған, сол себепті оны бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
19 наурыз күні Мұнайлы аудандық соты Мұнайлы ауданының тұрғынын абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін (ҚР ҚК 104-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп таныды. 49 жастағы әйел Ақтау қаласындағы № 1 қалалық емханада мейірбике болып жұмыс істейді және тиісті білімі мен лицензиясы болмаса да, үйінде "халық емін" жасаған. Сот 2025 жылдың 26 қарашасында шамамен сағат 20:30-да оның өз үйінде науқасты "емдеу" барысында оның тамағын қолымен қысып, салдарынан ер адамның оқиға орнында көз жұмғанын мәлімдейді.
Сот оған 1 жыл 6 ай мерзімге ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап отыр. Десе де, сотталған әйелдің кәмелетке толмаған баласы бар. Сондықтан, ҚР ҚК-нің 74-бабына сәйкес, жазаны өтеу кейінге қалдырылған.
Бірақ қорғаушылар үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Олар сотталған әйелдің кінәсін толық мойындағанын және жәбірленуші тараптың оны кешіргенін назарға алып, бас бостандығынан айыру жазасын жеңіл жазаға ауыстыруды сұраған.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыс жеңіл дәрежедегі санатқа жатады, ал бап санкциясында балама жаза түрлері қарастырылған.
Нәтижесінде апелляциялық сатыда әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Оған уәкілетті органдарға хабарламай тұрғылықты жерін және жұмыс орнын өзгертуге, ойын-сауық орындары мен алкоголь тұтынатын жерлерге баруға, сонымен қатар, түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін) үйден шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар, сот оған емшілікпен айналысуға тыйым салды.