Мұндай деректі ерлі-зайыптылардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев Алматы қаласында берген жауабында айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірнеше ай бойы халықаралық іздеуде болған күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Индонезияда ұсталып, кеше ғана Алматыға жеткізілген еді. Тергеу барысында Сұлтан Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындаған және олардың денесін өзі бұрын тұрған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласына көмгенін жеткізген.
Осы мәліметтен соң атыраулық тергеушілер сол мекенжайға қайта барып, аумақты жіті тексерген. Нәтижесінде аумақтан 2 адамның мәйіті табылып отыр.
Еске салайық, марқұмдардың денесі табылған үйде күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен әйелі бірге тұрған болатын.
Осылайша, Атырауда із-түзсіз жоғалған отбасы мүшесінің барлығы табылды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық жай-жапсары анықталды, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Атырау облысы, Жангелдин ауылындағы отбасыға қатысты іздестіру жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айынан бері жүргізілді. Оған полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды. Үй ауласы мен аумағы арнайы техникалармен, яғни георадарлар арқылы бірнеше рет тексерілсе де, іздеуден еш нәтиже шықпаған болатын.
Бұған дейін күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен марқұмдардың қызы заңды некеде болмай шыққанын жаздық.