Наурыз қарсаңында 1 мың азық-түлік жиынтығы Астанадағы мұқтаж отбасыларға табысталды

375

Бүгін - 15 наурыз "Мейірім мен қайырымдылық" күні.  

Наурыз қарсаңында 1 мың азық-түлік жиынтығы Астанадағы мұқтаж отбасыларға табысталды Фото: gov.kz

Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, игі іс жасауға шақыратын мейрамнан астаналықтар да тыс қалмады. Ал қалада алғашқы болып әкімдік пен QazaqOil компаниясы қайырымдылық акциясын өткізді. Әріптесім Сымбат Серікқызы көпке үлгі болар шараның куәсі болып қайтты.

Таңнан бері үздіксіз жүк көліктеріне тиеліп жатқан мына 45 келілік қораптардың ішінде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік өнімдері бар. Бұл - QazaqOil компаниясы мен қала әкімдігінің әлеуметтік осал топтағы 1 мыңнан аса отбасыға бүгінгі айтулы мерекеге орай жасаған тартуы.

ҚУАНЫШ МОЛДАБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Тұрмысқа қажетті бірінші тауарлар бар. Оның ішінде ұн, күнбағыс майы, макарондық өнімдер, тәттілер және тағы басқа. Тізімді тұрғылықты мекен-жай бойынша аудан әкімдіктерінен аламыз және еріктілердің көмегі арқылы үйге дейін жеткізіп береміз. Жалпы мыңнан аса отбасы 45 тонна себет таратылады. Себеттерді әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көп балалы аналарға, толық емес отбасыларға, асыраушысыз қалған балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше бала тәрбиелеп отырған және осал топтағы азаматтар алатын болады.

Бұл қала басшылығы мен QazaqOil компаниясының былтырдан бері өткізіп отырған бесінші қайырымдылық акциясы. Қос тарап өзара меморандумға қол қойып, мұқтаж жандарға бірлесе көмектесуге уағдаласқан. Мұндай сыйлықтар жаңа жыл, қала күні сынды мерекелерде таратылып отырады. Осылайша осы күнге дейін 5 мыңнан аса отбасының алғыс-құрметіне ие болып отыр.

 

НҰРСИЛА КҮНШЫҒАРОВА, QAZAQOIL КОМПАНИЯСЫ МАРКЕТИНГ БӨЛІМІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ: 

Біз осы науқанды басқа да жеке компаниялар қолға алып, Қазақстан халқы алдындағы жауапкершілікті түсіне отырып, атсалысса деген ниетіміз бар. Осы науқан осы жылы Наурызнама аясында "Қайырымдылық күні" аясында өткізіліп жатыр және осы күннің Рамазан айына тұспа-тұс келуі өте жақсы нышан деп санаймын.

Ал бұл бүгін қайырымдылық себеті табысталған ең алғашқы азамат, көпбалалы ана - Роза Сырбекова. Әкімдік пен компания өкілдерінің сыйлығы оған жақында ғана мемлекеттік бағдарлама аясында алған баспанасында табысталып жатыр екен.

РОЗА СЫРБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мейрам сайын елеп, ескеріп отыратын аудан, қала әкімдігіне көп рақметімді айтамын. Мына келе жатқан Наурыз мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Мол табыс тілеймін барлықтарына.

Астана қаласының әкімдігі мен QazaqOil компаниясы осындай қайырымдылық акциясын әр айтулы күндерде өткізуге ниетті. Жыл соңына дейін 4 мың отбасыға көмек көрсетілмекші. Олар барлық қазақстандықты жақсылық жасауға, игі істерге бағыттайтын шараларға атсалысуға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу