"Наурызнама" онкүндігі аясында мектептерде оқушылар үшін дастарқан жаюға тыйым салынған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде елімізде жаппай Наурыз мейрамын тойлау басталып кетті. Іс-шаралар тек қоғамдық орындарда ғана емес, мектептер мен балабақшаларда да ұйымдастырылып жатыр. Десе де, оларға бірқатар шектеу бар.
– Мектептерде Наурыз мейрамында дастарқан жаюға қатысты шектеу бар екені рас. Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған талаптарға байланысты. Білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес, сырттан әкелінген тағамдарды жаппай тұтынуға рұқсат етілмейді. Себебі олардың сақталу жағдайына, дайындалу талаптарының сақталуына және сапасына мектеп әкімшілігі толық жауап бере алмайды. Мұндай талаптар балалардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында енгізілген, – делінген Ақтөбе облысы әкімдігі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, мектептерде мерекелік іс-шараларды өткізуге ешқандай шектеу жоқ. Білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамына арналған тәрбие сағаттары, ұлттық дәстүрлерді таныстыру, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар мен көрмелер тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Мерекенің мазмұны мен рухын балаларға таныстыру жұмыстары жалғаса түседі. Басты мақсат балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болып саналады.