Наурызнама аясында Қазақстан музейлерінде қайырымдылық іс-шаралары өтті

129

 Іс-шара соңында естелік сыйлықтар табысталды.

Наурызнама аясында Қазақстан музейлерінде қайырымдылық іс-шаралары өтті Фото: egemen.kz

Наурызнама онкүндігі аясындағы Қайырымдылық күніне орай Қазақстан музейлерінде ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балалар мен отбасыларға арналған бірқатар игі іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде инклюзивті балаларға арналған "Наурызым мерекем – Наурызым берекем!" атты қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шара балаларды қолдауға, Наурыз мейрамының мейірім мен бірлік құндылықтарын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуі мен шығармашылық дамуына ықпал етуге бағытталды. Бағдарлама аясында "SANAT" өнер және білім беру орталығының концерттік бағдарламасы ұсынылып, балаларға демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ұжымы Қайырымдылық күні аясында мұқтаж отбасыларға атаулы көмек көрсетті. Музей қызметкерлері бірнеше баланы тәрбиелеп отырған, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін баласы бар отбасыларға барып, азық-түлік себеттерін табыстады. Бұл игі бастама Наурыз мейрамының тек мерекелік көңіл-күймен ғана емес, жанашырлық пен қамқорлық сияқты терең дәстүрлермен де астасып жатқанын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Қайырымдылық бастамаларына Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі де қосылды. Мұнда Алматы қаласындағы №9 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне арналған мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Балалар қазақ және әлемдік бейнелеу өнерінің туындыларымен танысып, суретшілердің шығармашылығы туралы тың мәліметтер алды және танымдық квестке қатысты.

Өткізілген акциялар Наурызнама аясындағы Қайырымдылық күнінің мазмұнын айқын көрсеткен маңызды бастамаларға айналды. Олар мәдениет пен өнердің қоғамдағы қолдау көрсету, адамдарды біріктіру және рухани тәрбиелеу кеңістігі ретіндегі рөлін тағы бір мәрте дәлелдеп, Наурыз дәстүрінің мейірім, жанашырлық және ынтымақ құндылықтарын нығайта түсетінін көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу