NEET санатындағы жастар Zhas Project жобасына қатыса алады

357

2022 жылы жоба 6 өңірде пилоттық режимде іске қосылып, шағын грантты 250 адам алған.  

NEET санатындағы жастар Zhas Project жобасына қатыса алады Фото: ашық дереккөз

Өткен жылы 280 қазақстандық 1 млн теңгеге дейінгі шағын грант иегері атанды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биыл "Zhas project" жобасы еліміздің 20 өңірінде іске асырылатын болады. "Zhas project" жобасы шеңберінде NEET санатынан жергілікті қоғамдастықтардың мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 млн теңгеге дейінгі сомаға шағын грант беру көзделген. NEET санатындағы жастар ұғымына анықтама бергім келеді. Бұл – жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпейтін жастар" - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жобаға қатысушыларға қойылатын талаптар: Қазақстан Республикасының азаматы болуы; 18 бен 35 жас аралығындағы жастар; өтінім беру сәтінде өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс; өтініш беруші өтінім берген сәтте уақытша тұрақсыз жастар мәртебесінде болуға тиіс.

Қайрат Қамбаровтың сөзінше, 2024 жылдың 19 ақпанынан 24 наурызына дейін конкурсқа әлеуетті қатысушылар үшін ақпараттық-түсіндіру науқаны өткізіледі.  

"25 наурызда ұйымдастырушының, оператордың, мүдделі серіктестердің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде конкурстың басталуы жарияланады. 25 наурыздан бастап 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жастардан өтінімдер қабылдау жүргізіледі. 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комиссия конкурстық өтінімдерді іріктеу бойынша жұмыстар жүргізеді. 15 мамырда ұйымдастырушының интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде іріктеу нәтижелерін қорытындылайды", - деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу