Непалда әлеуметтік желілерге тыйым салынғаннан кейін 31 адамның өмірін қиған наразылықтарды пайдаланып, түрмедегілердің жаппай қашу жағдайлары тіркелді. Нақтырақ айтқанда 15 мыңнан астам қамауда отырған адам бостандыққа шығып кеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Непал премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Оли мен бірнеше министрдің отставкаға кеткеніне қарамастан, елдегі наразылық күшейіп, қауіпсіздік саласында дағдарыс туындаған.
Наразылық акциялары кезінде қатысушылар бірнеше түрмеге шабуыл жасап, әкімшілік ғимараттарын өртеп, кей түрмелердің есіктерін ашық қалдырған. Бір колонияда сотталғандардың жартысына жуығы қашып шыққан. Тағы бір түрмеде жағдайға әскерилер араласып, 10-нан астам тұтқын жарақат алған.
Қазір Катманду халықаралық әуежайы жабық. Әскерилердің мәлімдеуінше, наразылықтарға қатысушылардың арасында қасақана бүлдіруші топтар анықталған. Олар өрт қойып, тонау әрекеттеріне барған.
Қазір еріктілер қала көшелерін қоқыс, сынған әйнек және жиһаз қалдықтарын жинауға кірісті. Наразылық кезінде үкімет сарайы, парламент, жоғарғы сот және бірқатар ғимаратқа өрт қойылды.
Айта кетейік, Непалдағы жаппай наразылық әлеуметтік желілердің бұғатталуы мен биліктегі жемқорлыққа қарсылықтан туындады. Шеру кезінде қақтығыс болып, 25 адам қаза тапты. 600-ден астам адам түрлі жарақат алды.