Несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіледі

5612

Бұл халықтың несие жүктемесін азайтып, қарыз алушылардың құқығын қорғауға бағытталған.

Несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіледі Фото: akshamat.kz

Несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіледі. Бұл өзгеріс әсіресе микроқаржылық ұйымдарға қатысты болмақ. 

Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов осындай тапсырма берді. Бұл халықтың несие жүктемесін азайтып, қарыз алушылардың құқығын қорғауға бағытталған. 

"Шамадан тыс кредит алу проблемаларын түбегейлі шешу үшін банктерде және алушылардың санаттарына қарай тұтынушылық кредит шарттары бойынша шектеулер енгізу қажет. Микроқаржылық ұйымдардың, әсіресе "жалақыға дейін" қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет. Осыған байланысты ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзету пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс", – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.  

Сонымен қатар, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін "Қарызсыз қоғам" жобасы қолға алынбақ. Оның кеңселері республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 өңірде құрылады. Негізгі міндеті  кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру. 

Қазір жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану бойынша  тиісті заң нормалары күшіне еніп, жұмыс істеп тұр. Бірақ Қаржы министрі шарттарды жеңілдету керек деп санайды.

"Дегенмен, жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр. Осыған байланысты келесідей нормалар ұсынылатын болады. Біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту. Екіншіден, азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату. Үшіншіден,  төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау", – деді  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу