Елімізде өткен жылы коллекторларға азаматтардың несиелерін сатуға 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соның нәтижесінде коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыз алушылардың саны 54 пайызға азайды. Тиімділікті ескере отырып, мораторий мерзімін 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту жоспарланып отыр.
– Проблемалық қарыз алушылардың санын азайту мақсатында, соттан тыс банкроттық рәсімін одан әрі жеңілдету жүргізілетін болады. Қаржы ұйымдары соттан тыс банкроттық қолданылатын проблемалық қарыз алушыларды анықтайтын болады және соттан тыс банкроттық мүмкіндігі туралы СМС-хабарлама арқылы азаматтарды хабардар ету тетігі енгізіледі. Аталған шаралар банктердің ресурстарын бизнеске кредит берудің пайдасына қайта бөлуге ынталандырады, тұтынушылық кредит берудің өсуін тежейді және нәтижесінде, қаржылық тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың мүдделерін қорғайтын болады, – деді Мәдина Әбілқасымова.