Несиесін 90 күн өтемей жүрген азаматтарға тұтынушылық несие берілмеуі мүмкін

313

Бұдан бөлек қолданыстағы несие бойынша төлем мерзімін 3 ай кешіктірген жағдайда сыйақы есептеуге тыйым салынбақ. 

Несиесін 90 күн өтемей жүрген азаматтарға тұтынушылық несие берілмеуі мүмкін Фото: news.drom.ru

Елімізде несиесін 90 күн өтемей жүрген қазақстандықтарға тұтынушылық несие қайта берілмеуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл норма сәрсенбі күні Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған.

"Проблемалық қарызы бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады. Проблемалық кредиттерді реттеу рәсімдерін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту маңызды шараға жатады", - деді депутат Үнзила Шапақ.

Халық қалаулысы соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру тәжірибесі қалыптасқанын айтты.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанда 47 мың студенттің проблемалық несиесі бар екенін жазған болатынбыз. Бұдан бөлек 2019 жылы несиесі кешірілген қарыз алушылардың көп бөлігі тағы несие алған. 8,5 миллион қазақстандық банктерге 19 трлн теңге қарыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу