Несиесін төлей алмайтындарға қатысты заң дайын: кімнің кредиті кешірілмейді?

795

Несиесін төлей алмайтындарға қатысты заң жобасы ақыры таныстырылды. Жыл басынан бері шабандыққа салынған құжат бүгінде дайын. 

Несиесін төлей алмайтындарға қатысты заң дайын: кімнің кредиті кешірілмейді?

Оны әзірлеген Қаржы министрлігі жағымды және жағымсыз тұстарына тоқталды. Өкінішке орай, кейбір санаттағы азаматтар несие амнистиясына іліге алмайды. 

Үлкен дискуссияға салынған банкроттық туралы заң жобасы ақыры жыл соңына қарай әзір болды. Қаржы министрлігі дайындаған құжаттың талаптары бастапқы ережеден өзгеше болып шықты. 

Сонымен борышкерлер қарыздың қарғыбауынан үш түрлі әдіс арқылы құтыла алады. Әуелгісі соттан тыс, сотпен және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бастапқы екеуі түсінікті. Соңғысына тоқталайық. Осы процедураны енгізу арқылы министрлік кредиторларға жеңілдік жасамақшы. Яғни азаматтар қарыздарын кейінге қалдырып немесе бөліп төлеу мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл "банкрот" деген мәртебеден құтқарады. Сәйкесінше, шектеулерге ұрынбайды. 

Әйтпесе бастапқы екі ережемен қарызы кешірілген азаматтарға 5 жылға дейін кредит берілмейді. 3 жыл бойы жүріп тұру қиындайды. Қанша қарызы болса да, алимент сияқты міндеттемелер мойынынан түспейді. 

Талаптары түк емес деп тіксінбеулеріңіз мүмкін. Алайда, бұған дейін орындалуы тиіс рәсімнің талаптары күшті. 

"Соттан тыс банкроттық "Электрондық үкімет" веб-порталымен байланысты болады. Барлық азаматтардың сайт арқылы арыз беруі негізінде мәлімет алынады. Содан кейін керекті мемлекеттік органдар сараптама жүргізеді, қорытындысын дайындап, Кірістер комитетіне жолданады. Соңғы шешім қабылдайтын Мемлекеттік кірістер комитеті болады. Барлық мемлекеттік органдардан ақпарат алғаннан кейін ол қорытынды шешім қабылдайды", деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.

Қорытынды шешім шығаруға алты ай уақыт қажет. 

Сол аралықта азаматтың жағдайы тексеріледі. Кірісі жоқ, табысы 36 мың теңгеден аспайтын, мүлкі тіркелмеген борышкерлердің мәселесі сотсыз қаралады. 

Егер қарыз 5 млн-нан асса, сот арқылы рәсімдеу керек. 

"Ол үшін азамат сотқа арызданады. Бұл рәсім кезінде борышкердің мүлкі аукцион арқылы сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Қазіргі таңда мұндай рәсім заңды тұлғалар үшін көзделген. Біз осы механизмді жеке тұлғаларға да таратуды жөн көрдік", деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.

Айтпақшы, бұл заң бойынша берешегі мүлде кешірілмейтіндері де бар. Бұлар алимент төлейтіндер және cот шешімімен келтірілген шығынды өтеуге міндеттелгендер. 

Қысқасы банкроттықты рәсімдеудің өзі қиынға түсетін түрі бар. Айта кетейік, заң жобасы қазір мәжіліс қарауында жатыр. Келер жылдың ортасында қабылдануы тиіс. 

Арай Сүгірбай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу