Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты бейбітшілік саласында Нобель сыйлығына ұсыну жөніндегі ресми хатты табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
7 шілде күні Нетаньяху АҚШ-қа ресми сапармен келіп, Трамппен Газа секторындағы соғыс пен Иранның ядролық бағдарламасын талқылады. АҚШ президентімен кездесуден бұрын ол Мемлекеттік хатшы Рубио және арнайы өкіл Уиткоффпен жеке кездесулер өткізді.
"Құрметті президент мырза, мен сізге Нобель сыйлығы комитетіне жолдаған хатымды табыстағым келеді. Онда сізді Бейбітшілік сыйлығына ұсындым. Бұл марапат – сіздің толықтай лайықты еңбегіңіздің көрінісі. Сіз бұл сыйлыққа лайықсыз және оны алуыңыз керек", – деді Израиль премьері Нетаньяху Ақ үйде өткен кешкі ас кезінде Трампқа.
Израиль премьерінің айтуынша, бұл бастама – Дональд Трамптың халықаралық аренада бейбітшілік орнатуға қосқан үлесін ресми түрде мойындау мақсатында қолға алынған. Атап айтқанда, ол АҚШ-тың Израиль мен бірқатар араб елдері арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге бағытталған бастамаларына ерекше назар аударды.