Нидерландының агроөнеркәсіптері Қазақстанға 100 млрд теңге инвестиция салады

812

Үкімет басшысы Асқар Мамин Нидерландының жетекші компанияларымен агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Нидерландының агроөнеркәсіптері Қазақстанға 100 млрд теңге инвестиция салады

Нақтырақ айтқанда, Асқар Мамин Нидерландының жетекші агроөнеркәсіптік компанияларының – жылыжайлар, ауыл шаруашылығы жабдықтары, тұқымдар, өсімдіктерді биологиялық қорғау саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың басшылығымен келіссөз өткізді. Қазақстанға келген нидерландық бизнес делегациясының құрамына KUBO, Dutch Greenhouse Delta, Van der Hoeven Horticultural Projects, Certhon, Gakon, Koppert Biological Systems, Food Ventures, Hoogendoorn, Svensson, Priva, HVA International, Dalsem, Rijk Zwaan өкілдері бар. Тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін, оның ішінде

Қазақстанның жылыжай кешендерін, тұқым шаруашылығын және ауыл шаруашылығының басқа да секторларын дамытуда жиынтықты есептеулер, жасанды зерде және басқа да инновациялық технологияларды енгізу перспективаларын талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша "Kazakh Invest" ҰК" АҚ, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ, Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағы, "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ өкілдері, сондай-ақ бірқатар қазақстандық компаниялар Dutch Greenhouse Delta, Food Ventures, Rijk Zwaan, Solynta және Koppert Biological Systems-бен келісімдерге қол қойды. Осы келісім арқылы Қазақстанда жеміс-көкөніс шаруашылығы мен тұқымдық картоп өндірісін, өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарын дамыту, жылыжай кешендерін, Түркістан облысында демонстрациялық станция мен жоғары технологиялық-зерттеу орталығын салу бойынша бірлескен жобалар іске асырылады.

"Аталған жобалар бойынша ҚР экономикасына салынған инвестициялардың жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асады. Оларды іске асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға, АӨК саласында озық технологиялар мен практиканы енгізуге, сондай-ақ Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін және экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады", - делінген Үкіметтің хабарламасында.

Нидерландтық компаниялардың өкілдері ҚР-ға сапары аясында Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласына өңірлердің басшылығымен және қазақстандық серіктестерімен бірлескен жобаларды іске асыруды егжей-тегжейлі талқылау үшін барады. Қазақстанда нидерландтық капиталдың қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар ҚР экономикасының энергетика, машина жасау, құрылыс, көлік-логистика және агроөнеркәсіп секторларында кеңінен ұсынылған.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу