Қазақстанда шала туған нәрестелерге қолдау көрсетуге бағытталған "Нити Добра" волонтерлік жобасы тоғыз жыл ішінде ауқымды әлеуметтік бастамаға айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір қауымдастық еліміздің 8 өңіріндегі 130-дан астам еріктіні біріктіріп отыр.
Жоба 2017 жылдың маусымында Алматыда Гүлниса Құлымжанованың жетекшілігімен құрылған. Басты мақсаты – салмағы өте аз болып дүниеге келген сәбилерге қажетті жылы бұйымдар дайындау және оларды күтіп-баптайтын медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету.
Тоғыз жыл ішінде волонтерлер 22 мыңнан астам жүннен тоқылған жылы жиынтық, 12 мыңнан астам мақта жіптен жасалған сегізаяқ ойыншығын, 300 ұяша және кувездерге арналған 125 арнайы жапқыш дайындаған.
Бұл бұйымдар Қазақстандағы нәрестелерге арналған 30 реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізіліп тұрады. Медициналық мекемелерге жіберілмес бұрын әр бұйым сапа және санитарлық талаптарға сай тексеруден өтеді.
Жобаның ерекшелігі – оған аға буын өкілдерінің белсенді қатысуы. Қауымдастық мүшелерінің шамамен 80 пайызын зейнеткерлер құрайды. Олар бос уақытын игі іске арнап, шала туған сәбилерге арнап түрлі бұйымдар тоқиды.
"Нити Добра" жобасы халықаралық деңгейде де танылып келеді. 2025 жылы бастама беделді #МыВместе сыйлығының лауреаты атанды.
Ал 2026 жылы ұйым өкілдері Ташкентте өткен "Миссия Добра" халықаралық бастамасына қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті және арнайы шеберлік сабағын өткізді.