Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері, қытайлық жазушы Mo Yan қазақ қаламгерлерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанға алғаш рет келген жазушы кітапхана қорымен танысып, тарихи және мәдени маңызы бар сирек қолжазбалар мен құжаттарды тамашалады.
Кездесу барысында Мо Янь шығармашылық ізденістері туралы айтып, әдебиеттің адам болмысын танудағы рөліне тоқталды.
Айта кетейік, қаламгердің Қазақстанға сапары Алматыдан басталған. Онда оның қазақ тіліне аударылған "Сарымсақ жыры" романы мен "Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?" атты публицистикалық жинағының таныстырылымы өткен.
Сапар аясында Мо Янь Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебінде дәріс оқыды.