Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь "Кітап оқитын ұлт" қатысушыларына үндеу жолдады

200

Белгілі қытай жазушысы кітап оқу марафонына қатысушыларға шабыт, табыс және әдебиет әлемінде жаңа жаңалықтар ашуды тіледі.  

Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь "Кітап оқитын ұлт" қатысушыларына үндеу жолдады Фото: lgz.ru

Марафонда оқуға ұсынылған шығармалар қатарында Нобель сыйлығының иегері Мо Янның "Сарымсақ жыры" романы бар. Биыл алғаш рет қазақ тілінде жарық көрген бұл туындының тұсаукесері автордың өзінің қатысуымен өткен болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жазушы өзінің бейнеүндеуінде "Сарымсақ жыры" кітабының қазақ тіліне аударылып, марафон аясында оқылатын шығармалар тізіміне енгенін атап өтті.

"Менің "Сарымсақ жыры" романымның қазақ тіліне аударылып, марафонның шығармалар тізіміне енгеніне өте қуаныштымын", – деді Мо Янь.

Мо Янь "Кітап оқитын ұлт" бастамасының мәдениет пен қоғамды дамытудағы маңызын да ерекше атап өтті.

"Жалпы, кітап оқуға арналған осындай жалпыұлттық марафон ұйымдастырғандарыңыз өте жақсы. Бұл – ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да елеулі үлес қосатын игі әрі ізгі іс", – деді ол.

Айта кетейік, елімізде "Кітап оқитын ұлт" жобасы басталды. Финал қорытындысы бойынша, Қазақстанның үздік 10 оқырманы анықталады. Олардың әрқайсысы 10 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болады.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қатысушылар байқаудың 7 бағытының бірін таңдай алады. Тіркелгеннен кейін олар алты ай ішінде 15 кітап оқып, ұйымдар, аудандар, қалалар мен өңірлер деңгейінде өтетін бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу