19 жастағы астаналық тұрғын көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін шешіп, темір тұлпарын тығып жауапкершіліктен құтылмақ болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадағы кадрларда мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз қозғалған Kia Rio автокөлігінің бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені байқалады.
Полицейлерлер қалалық бейнебақылау камералары арқылы көліктің қозғалыс бағытын анықтап, оны іздестіреді. Жедел тексеру барысында автокөлік жасырылған болуы мүмкін шағын аудан да анықталды. Көп ұзамай тәртіп сақшылары 19 жастағы Астана қаласының тұрғынын жасырылған көлігіне мемлекеттік тіркеу нөмірлерін қайта орнатуға әрекеттеніп жатқан жерінен ұстады.
Тексеру кезінде ол нөмірлерді жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатында әдейі шешіп алғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөлік айыптұраққа қойылды.
Көлігін қайтарып алу үшін ол белгіленген тәртіппен тиісті рәсімдерден өтіп, айыппұлдар бойынша берешегін өтеуі қажет.