Норвегияда жерленген қазақстандық жауынгерлердің есімі жарияланды

781

 Тізімде қазіргі уақытта қолжетімді Фалстад Орталығы, қазақстандық және ресейлік "Мемориал" базаларының ақпараты жинақталған.

Норвегияда жерленген қазақстандық жауынгерлердің есімі жарияланды

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегия аумағында жерленген қазақстандық болуы мүмкін солдаттардың есімі анықталды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі қазақстандық болу ықтималдығы жоғары 44 кеңестік солдаттың есімдерін анықтаған. Олардың құжаттарында тегі "Қазақстан", "Қазақ ССР" немесе қазақстандық қалалар ("Семей", "Жетіқара", "Талғар", т.т.) көрсетілген. Басым бөлігі қазақстандық "Мемориал" базасында хабарсыз кеткен ретінде тіркелген немесе мүлдем көрсетілмеген. Сондай-ақ солдаттар туралы мәліметтің толық еместігі және құжаттардағы қате жазылумен байланысты қиындықтар да көп.

Елшілік тізімдерді хабарсыз кеткен жауынгерлердің туған-туысқандарына жәрдем ретінде және келешек зерттеу мен іздеулер үшін жариялау маңызды деп санайды. Тізімде қазіргі уақытта қолжетімді Фалстад Орталығы, қазақстандық және ресейлік "Мемориал" базаларының ақпараты жинақталған. Мәліметтер мен орфография құжаттарда жазылғандай орыс және норвег тілдерінде беріледі.

Анықталған 44 қазақстандық солдат үш әскери зиратта жерленген – Тьётта аралында (37 солдат), Лиллехаммердің маңындағы Йорстадмоен ауылында (5 солдат) және елдің батысындағы Виньеёра ауылында (2 солдат). Олар Қазақстанның әр өңірінен болған.

Айта кетсек, соғыс жылдары оккупацияланған Норвегия аумағындағы концлагерлерде 100 мыңға жуық кеңестік әскери тұтқын болды. Олардың 15 500 жуығы абақтыда қаза тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу