Нөсер жаңбырдан бидайдың 20 пайызы ұн тартуға жарамсыз болып қалды

734

Ұзаққа созылған нөсер жаңбырдың кесірінен масақтағы бидай көктеп, қамырлылығын жоғалтты.

Нөсер жаңбырдан бидайдың 20 пайызы ұн тартуға жарамсыз болып қалды Фото: Ашық дереккөзден

Қостанай облысында биылғы астықтың 20 пайызы ұн тартуға жарамсыз болып қалды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығы мәлімдеді. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында да ақ жауын күзгі терімді тоқтатып тастаған.

Екі апта нөсерлетіп жауған жаңбыр бүгін ғана саябырсыған. Алайда, батпаққа айналған егістікке әлі бір де бір техника кіре алар емес. Жаз бойы тілеген жаңбыр күзде жауып егінге кесірін тигізуде.

Комбайн жүргізушісі Мейрам Нұғымановтың айтуынша, жылда бұл уақытта жұмыстарын тәмамдап қалатын. Бүгінде Облыс бойынша астықтың 20  пайызы ғана жиналды. Торғай төсіне егін еккен Жоламан Тапаевтың егістігіне ала жаз бойы тамшы тамбаса, күзде жауыннан көз ашар емес. Шығымдылығы небәрі 3-4 центнерден астығы енді жарамсыз болып қалғалы тұр.

"Әлі жаңбыр жауады деген болжам бар, тағы жаңбыр жауса бидайдың жағдайы қиын болады. Маңызы кетеді, көктеп кеткеннен кейін ештемеге жарамай, қабылдамауы да мүмкін", - дейді Аманкелді аудандық фермерлер одағының басшысы Жоламан Тапаев.  

Қостанай облысында жауын мөлшерден 4,2 есе артық түссе, Солтүстік Қазақстан облысында 108 пайызға көп, Ақмола облысында да нөсер жаңбыр егін орағына тежеу.

"Бізде 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін егін орағы тоқтап тұр. 20 пайызы орылды, 891 мың гектар жер", - дейді СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.  

Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің мәліметінше аймақтағы астықтың 20 пайызы ұн тартуға жарамсыз. Өйткені, ылғалдылығы жоғары, қамырлылығы төмен.  Мұндай өнім тек малға жем ретінде беріледі. Мамандар  диқандар биыл тұқымсыз қала ма деп алаңдайды.

"Биыл осы зертханаға келіп жатқан тұқымдарымыздың ылғалдылығы өте жоғары. Өсуі де, қоймаларда сақтау да өте қиынға соқтырады", - дейді "Қазақстан аграрлық сараптамасы" АҚ ҚОФ маманы Рысты Байекенова.

Шаруалар азық-түлік келісім шарт корпорациясына былтырғы астықтан тұқымдық алып қалуға өтініш жазған. Биылғы астықты сақтап қалу үшін кептіру қажет. Кептіргіш құрылғылары жоқ диқандар элеваторларды жағалап жүр.

"Қалада болса элеваторлар бос дейді ғой бірақ та мында бос тұрған элеватор жоқ. Элеваторлардың ең кемі 50 пайызы былтырғы азықпенен толып тұр", - деді дейді облыстық фермерлер одағының басшысы Марат Ахметов.

Облыстық әкімдік республикалық мекемелерге астықты кептіруге жеңілдетілген дизель отынын беруді сұрап хат жолдады.

"Күзгі егін науқанына 426 тонна артылғанын кептіруге бағыттауды жоспарлап отырмыз", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Қазгидромет мамандарының болжамынша, алдағы күндері тағы нөсер жаңбыр  болады. Ал, диқандар бұл жаңбырдан кейін астықтың 50-70  пайызы жемге кете ме деп қауіптеніп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу