Ақтөбеде әлі де нөсер жаңбыр жауып тұр. Ассенизаторлардың қызметі тәуліктік режимге көшіп, 110 мың текше метр су сорылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қала аумағында жаңбыр суын төгетін 30 орын бекітілген. Қазіргі таңда екі ауысыммен 110 ассенизатор және 5 насос станциясы, мотопомпалар жұмысын жалғастырып жатыр. Қазгидромет мәліметі бойынша әлі де бір апта нөсер жауын болады. Осы уақытқа дейін жылдық нормаға жуық жаңбыр жауды, – деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігі.
Айта кетейік, Ахуалдық орталыққа бір тәулікте 1500-ге жуық өтініш түсті. Соның 1200-ге жуығы орындалды. Үйлерге су кірмеді. Тек аула ішінен су сору жұмысы жүргізілген. Қалалық әкімдік су сору жұмыстары үшін кейбір көшені уақытша жапты.