Түрген өзені шайып кеткен көпірді қалпына келтіру басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бірнеше апта бұрын толассыз жауған нөсер салдарынан Түрген суы арнасынан тасып, өзен арқылы өтетін көпір шайылып кеткен еді.
Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда жауапты мердігер анықталып, көпір қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Құрылыс 3 ай ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
– Қазіргі таңда мұнда 4 техника жұмыс істеп тұр. 10-нан астам қызметкер еңбек етіп жатыр. Көпір құрылысы бір апта бұрын басталған. Демонтаждау жұмысы толық аяқталып, бұрғылау шарасына дайындық жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Мердігердің айтуынша, қараша айында жұмыс толығымен аяқталады.
Айта кетейік, Алматы облысында су деңгейінің көтерілуіне байланысты "Түрген – Асы" автожолының екі учаскесін су шайып кеткен еді.