Танымал әншіден таяқ жеген Ғалымжан Сүлейменнің адвокаты Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында Мұқасан Шахзадаевтың ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, әнші Ғалымжан Сүлейменге ота жасалды, ол қазіргі уақытта ауруханада жатыр.
– Кеше полиция (Мұқасан Шахзадаевты айтады) таппай жатыр деп хабарлап едік. Қазір ұсталды. Жедел тергеу әрекеттері басталды. Оған Ғалымжан мырза екеуміз де қатысуымыз керек, яғни беттестіру деген сияқты іс-шаралар. Бірақ, қазір Ғалымжан ауруханада жатқандықтан, бұл әрекеттерге оның жағдайына қарай барамыз. Істің құрамы бойынша, 107-баптың 2-бөлігіне келеді, яғни қасақана мотивпен, алдын ала сөз байласу арқылы денсаулыққа зиян келтірілгенін, бірнеше күн бойы оның жауапкершіліктен қашып жүргенін ескерсек, міндетті түрде түрме жазасы болуы керек. Біз соны талап етеміз, – деп хабарлады ол.
Еске салайық, шығармашылық өкілдері арасындағы мұндай іс-әрекет қоғамда да көп талқыланды.
Тіпті, Мұқасанның тойда ән айтып жүрген видеолары да тарады. Десе де, әзірге полиция бұған түсінік бермеді.