Нұр-Сұлтаннан Балқашқа ұшу 9 мың теңге болмақ

959

ИИДМ субсидияланатын Нұр-Сұлтан – Балқаш, Нұр-Сұлтан – Үшарал және Алматы – Жезқазған бағыттарына қосымша байқау өткізді.    

Нұр-Сұлтаннан Балқашқа ұшу 9 мың теңге болмақ

Коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты Нұр-Сұлтан - Токио әуе бағыты бойынша субсидияланатын рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаражаттың бір бөлігін ішкі туристік бағыттар бойынша рейстерге 385,1 млн теңге көлемінде қайта бөлу туралы шешім қабылданды, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Осыған байланысты ішкі туристік бағыттарға тасымалдаулар сұранысын қанағаттандыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі субсидияланатын Нұр-Сұлтан – Балқаш, Нұр-Сұлтан – Үшарал және Алматы – Жезқазған бағыттарына қосымша байқау өткізді.

SCAT, Qazaq Air, "Южное небо" және "Жезқазған Эйр" әуе компаниялары байқауға қатысу үшін тиісті өтінімдер берді.

Байқау қорытындысы бойынша "Qazaq Air" әуе компаниясы жеңімпаз болды.

Әуекомпания келесі рейстерді орындайды:

  • Нұр-Сұлтан - Балхаш бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен, тарифі – 9000 теңге (рейстер саны аптасына 10 рейске дейін артады);
  • Нұр-Сұлтан - Үшарал бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен, тарифі – 16000 теңге (рейстер саны аптасына 11 рейске дейін артады);
  • Алматы-Жезқазған бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілікпен, тарифі –20000 теңге (рейстер саны аптасына 4 рейске дейін артады).

Рейстер сыйымдылығы 76 орыннан 86 орынға дейін болатын Bombardier әуе кемелерімен орындалатын болады.

Еске сала кетсек, ел үкіметі ел имиджін көтеру мақсатында былтыр Токиоға тікелей рейс ашып, оны бюджеттен субсидиялауға көшкен еді.

"Халықаралық субсидияланатын ұшулар бағдарламасын жүзеге асыру аясында Нұр-Сұлтан–Токио авиабағыты бойынша 2019 жылдың 5 айына, сондай-ақ 2020 жылға 4 миллиард теңге бөлінді. Бірақ 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты бұл ұшулар тоқтап қалды. Аталған субсидияланатын авиабағдар іске қосылғаннан бастап, тоқтатылғанға дейінгі аралықта 2 751 жолаушы тасымалданды", – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

Ішкі бағыттарға бөлінген қаражат Токиоға ұшуларға бағытталған субсидия есебінен алынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу