Нұр-Сұлтанда экологиялық аймақтар көбеюде

602

Елордада Тұңғыш Президент саябағында ағаштар отырғызылды. Шараға еріктілер, қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты.  

Нұр-Сұлтанда экологиялық аймақтар көбеюде

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

"Ауа райы құбылмалы елордада жасыл белдеу мен экологиялық аймақтар экологияны жақсартып қана қоймай, климаттық жағдайды жұмсартуға мүмкіндік береді. Көктемде және күзде қаланың барлық аудандарында ағаш отырғызумен айналысамыз. Саябақтарға, қоғамдық кеңістіктерге және аулаішілік аумақтарға ерекше назар аударамыз. Бүгін халық арасында Пирамида деп аталатын Бейбітшілік және келісім сарайының бойындағы Тұңғыш Президент саябағында ағаштар отырғызылды. Шараға еріктілер, қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Ұстаздар күні мерекесіне орай мұғалімдерімізге арнап арнайы аллея отырғыздық.

Тек осы демалыс күндері мыңға жуық ағаш отырғызамыз. Биыл отырғызылған ағаштардың жалпы саны 30 мыңнан, жасыл желектер – 80 мыңнан асады. Осылайша, қалада біртіндеп жасыл аралдар - экологиялық аймақтар санын көбейтудеміз. Өсімдіктерді сақтау мақсатында ағаштарды кесу кезінде өтемдік отырғызуды екі есе көбейттік. Егер бұрын "беске бір" болса, қазір "онға бір".

Карантин кезінде 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша бірқатар мәдениет, спорт және білім беру нысандарын жөндеуге кірістік. Қазір Бейбітшілік және келісім сарайына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда ғимарат бойымен отырғызылған ағаштар қазірдің өзінде бұл жерге жайлылық беріп тұр. Бірнеше жылдан кейін осы аймақта құрылған экологиялық аймақтар бірнеше есе көп болады.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елді ауқымды көгалдандырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізудеміз", – деп жазды Алтай Көлгінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу