Нұр-Сұлтанда келесі аптада қандай мәдени шаралар өтеді?

921

Қазақстанда келесі аптада бірнеше маңызды күн атап өтіледі. Нақтырақ айтқанда, 31 мамыр елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген, 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні, ал 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. 

Нұр-Сұлтанда келесі аптада қандай мәдени шаралар өтеді?

Елордада осы іс-шаралардың құрметіне орай іс-шаралар, көрмелер, концерттер өтеді. Бұл жиындардың көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні "АЛЖИР" мұражай-мемориалдық кешені Санкт-Петербург, Иерусалим, Тель-Авив, Тбилиси, Алматы қалалары бойынша зерттеу экспедициялары барысында жиналған материалдар негізінде "Алжирдің бірегей экспонаттары" атты онлайн-көрмесін өткізеді. Сол күні музейдің әлеуметтік желілердегі парақшасында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу мемориалына және "1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым" монументіне гүл шоқтарын қою рәсімін көруге болады. Бірнеше сағаттан кейін мұражай ғимаратында Еуропалық Кеңес пен "АЛЖИР" мұражайы ұйымдастырған "Тоталитаризм құрбандарын еске алу – Еуроодақ пен Қазақстан арасында жаңа көпір салу" тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "АЛЖИР" "Карлаг туралы ақиқат" онлайн-көрмесін ұйымдастырады. Сондай-ақ, 1-3 маусым аралығында "Карлаг балалары" туралы дәріс өткізеді. 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай мұражайда "Бірлік пен бейбітшілік нышандары" виртуалды көрмесі, ал 4 және 5 маусымда "Мемлекеттік рәміздер – еліміздің нышаны" дәрісі өтеді.

Балаларды қорғау күніне орай, 1 маусым күні сағат 15:00-де "Наз" мемлекеттік би театры "Бақытты болсын балалар" концерттік бағдарламасын өткізеді.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де атаулы күндерден тыс қалған жоқ. Мәселен, 31 мамырда Мичурино тұрғын алабындағы №10 бұқаралық кітапханада, сондай-ақ №2 балалар кітапханасында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, слайдтар мен көрме стендтері барысында өткен ғасырдың зобалаң жылдары болған оқиғалар туралы айтылады.

1 маусымда қалалық кітапханаларда балаларға арналған ойын бағдарламаларын, сайыстар, викториналар, ертеңгіліктер өткізу жоспарланып отыр.

1 маусым күні сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы Ғ.Жұбанова "Под знаком Белы Бартока" атты ішекті аспаптар квартетінің концертіне шақырады.

4 маусымда филармония ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған "Желбіреген көк туым" классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің концертін ұйымдастырады.

5 маусым күні таңертең "Астана" концерт залының сахнасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "JANA TOLKYN" балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының I республикалық байқауы өтеді.

1 маусым күні сағат 11:00-де Астаналық цирк Instagram-дағы ресми аккаунтында (Astanalyqtsirk) цирк әртістерінің өнерін онлайн ұсынады. Ал екі сағаттан кейін цирк "Дети солнца" шарасын тікелей эфирде өткізеді.

Айта кету керек, іс-шаралардың бәрі санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу