Нұр-Сұлтанда ҚИК бағыты бойынша берілетін әлеуметтік пәтер алушылар санаты кеңейтілді

628

ҚИК бағыты бойынша берілетін 1 мың әлеуметтік пәтерге денсаулық сақтау мен білім беру саласының қызметкерлері де үміттене алады.

Нұр-Сұлтанда ҚИК бағыты бойынша берілетін әлеуметтік пәтер алушылар санаты кеңейтілді

Нұр-Сұлтанда әлеуметтік пәтер алатындар санаты кеңейтілді. Енді олардың қатарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де кіреді. Бұған дейін бұл тізімге әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер, мәдениет және спорт мамандары енгізілген болатын. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің "Инстаграм" парақшасында жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Нұр-Сұлтан қаласы бойынша "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының негізіне 10 негізгі басым бағыт кірді. Бірінші тармақта жеңілдікпен қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бекітілген. Аталған мәселе бойынша ауқымды, жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз, оның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және Қазақстан ипотекалық компаниясымен де бірлесе жұмыс атқарудамыз.

Біздің өрт сөндірушілер күн сайын ерлік жасайды – қала тұрғындарының өмірін құтқарады. Біз ҚИК-пен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындар санатын кеңейттік, енді олардың қатарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де кіреді. Бұған дейін бұл тізімге әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер, мәдениет және спорт мамандарын да енгізген болатынбыз. Биыл жоғарыда аталған санаттардан өзге ҚИК бағыты бойынша берілетін 1 мың әлеуметтік пәтерге денсаулық сақтау мен білім беру саласының қызметкерлері де үміттене алады.

Баспана сатып алуға тағы бір үлкен көмек – тұрғын үй сертификаттары. Оларды бастапқы жарна ретінде пайдалануға болады. Бұл бағыт бойынша да алушылар санатын кеңейттік. Егер бұрын тізімде тек толық емес отбасылар, көпбалалы жанұялар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар болса, енді тізімге халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық санаты кіреді. Мысалы, олар жетім балалар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, зейнеткерлер, ардагерлер мен тағы басқалар. Тұрғын үй сертификаттары 1 млн теңге көлемінде беріледі, оларды "Шаңырақ" (5-10-20) жобасына қатысу үшін пайдалануға да болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысының көлемі үш есе артты", - деп жазды Алтай Көлгінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу