Нұр-Сұлтаннан Мақтааралға 40 тонна азық-түлік жөнелтіледі

754

 Еріктілер су басқан ауыл тұрғындарына көмек көрсетеді.

Нұр-Сұлтаннан Мақтааралға 40 тонна азық-түлік жөнелтіледі

Nur Otan партиясы су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтарал ауданына 40тонна азық-түлік жөнелтеді. Бұл туралы Jas Otan жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ол су басқан ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін партияның барлық еріктілері жұмылдырылатынын мәлімдеді.

"Қазір Nur Otan Мақтарал ауданына 40 тонна азық-түлік жөнелтеді. Нұр-Сұлтан қаласынан шыққалы тұрмыз. Онда жүзден астам адам жұмыс істейтін еріктілер штабы құрылды. Су тартылған кезде бүкіл еріктілер штабын жұмылдырамыз", – дейді Е.Бейсенбаев.

Jas Otan жастар қанаты жетекшісінің айтуынша, коронавирус пандемиясымен күресте еріктілер туындаған мәселелерді шешуде өздерінің ұйымшылдығы мен бірлігін көрсетуде.

19 наурыздан бастап Елбасы – Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша "Біз біргеміз" жалпыұлттық акциясы басталды. Оның аясында жасотандықтар 110 мыңнан астам отбасын азық-түлік себеттерімен, сондай-ақ гигиена құралдарымен қамтамасыз етті.

"Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында 5 млн-нан астам маска таратылды. Қазақстан бойынша күн сайын 3 мыңнан астам жалғыз басты зейнеткерлер ыстық тамақ алды. Бұл жұмыстың барлығы еріктілермен атқарылуда. Бүгінде Jas Otan қатарында 3 мыңнан астам ерікті бар, олар бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді", – дейді Е.Бейсенбаев.

Еске салсақ, жарияланған науқан аясында "Бipгемiз" қоры құрылып, ол арқылы 360 мың отбасына 50 мың теңгеден бір реттік көмек көрсетілген болатын.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу