Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қаза болуынан кейін қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұмның туыстары тарапынан түскен өтініштерді тиісінше қарамауы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Қылмыстық іс аясында оқиғаға жедел ден қоймау және уақытылы шара қолданбау фактілері жан-жақты әрі толық тексерілмек.
– Тергеу нәтижесіне сәйкес лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне заң талаптарына сай құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша басқарушылық жауапкершілік негізінде тәртіптік шешімдер қабылданды. Құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтерінен босатылды. Бұдан бөлек, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды, – делінген ІІМ таратқан хабарламада.
Министрлік заң бұзуға жол беретін кез келген әрекетке, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне қатысты қатаң әрі принципті ұстанымда екенін атап өтті.
ІІМ мәлімдеуінше, адам өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеу барысы ведомствоның тікелей бақылауында. Осы мақсатта тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы жедел-тергеу тобы жасақталған.