Нұрлыбек Нәлібаев Бейжіңде Қытай өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді

359

​ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында "Жаһандық орнықты көлік форумына" қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Нұрлыбек Нәлібаев Бейжіңде Қытай өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді Фото: primeminister.kz

Сапар аясында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде "CITIC Group" директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуаға II дәрежелі "Достық" орденін табыстау рәсімі өтті.

Мемлекеттік марапатты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Нұрлыбек Нәлібаев тапсырды. Нұрлыбек Нәлібаев Си Гохуаның қазақ-қытай достығын нығайтуға және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Сапар барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Транскаспий халықаралық көлік бағытына арналған жоғары деңгейдегі сессияда сөз сөйледі. Қатысушылар ТХКБ-ның халықаралық жүк тасымалындағы маңызы артып, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі көлік дәліздерінің біріне айналғанын атап өтті.

Форумның ашылуында Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның көлік саласын дамыту басымдықтары, халықаралық инфрақұрылымдық жобалар және Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсімі туралы айтты. Іс-шараға шетелдік үкіметтер мен министрліктердің өкілдері, халықаралық ұйымдар, дипломаттар, сарапшылар және бизнес өкілдері қатысты.

Бұдан бөлек, Нұрлыбек Нәлібаев ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары, Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Дин Сюэсянмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ауыл шаруашылығы мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту және өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар қытайлық "China Communications Construction Company" президенті Чжан Биннаньмен және "CITIC Group" директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесулер өтті.

Келіссөздерде Қазақстандағы бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа бағыттардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу