Nvidia компаниясы негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангты некеден тыс екі қарым-қатынасына, соның ішінде Қытайдың болжамды тыңшысымен қарым-қатынасына байланысты басшылықтан шеттетуге дайындалып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, чип өндіруші компанияның директорлар кеңесі басшысының болашағын шешу үшін 11 қараша, сәрсенбі күні жиналуы мүмкін. Мұны The New York Times басылымының сұхбаттасушылары да растаған.
Nvidia басылымның сауалына жедел жауап бермеді, деп хабарлайды oninvest.com.
Нью-Йорктегі саудадан кейінгі сессияда Nvidia акциялары 9%-дан астам құлдырады. Nasdaq 100 технологиялық индексінің фьючерстері 0,9%-ға арзандады.
Business Insider басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні Nvidia компаниясының нарықтық капитализациясы 360 миллиард долларға дейін қысқарған.
Barron’s басылымы жазғандай, Хуангтың жағдайы басқа ірі технологиялық компаниялардың басшыларымен салыстырғанда әлсіздеу. Meta мен SpaceX-тен айырмашылығы, Nvidia бас директорға дауыс беру құқығының шамадан тыс үлкен үлесін өз қолында шоғырландыруға мүмкіндік беретін екі класты акциялар жүйесін қолданбайды.
Сонымен қатар The New York Times атап өткендей, Хуанг компанияның ең ірі жеке акционері болғанымен, оның иелігінде акциялардың небәрі 3,56%-ы бар. Сондықтан директорлар кеңесі немесе инвесторлар, мысалы, корпоративтік мінез-құлық кодексін бұзғаны үшін оны қызметінен кетіруге қол жеткізуі мүмкін.
Еске салайық, маусымда Қазақстан Үкіметі мен IT-алпауыттары Firebird және NVIDIA жасанды интеллект саласында $10 млрд-тық келісімдер пакетіне қол қойды.
Осы жылдың 23 қазанда Дженсен Хуанг Астана қаласына сапармен келді. Сапар Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға және елдің физикалық жасанды интеллект (Physical AI) бағытындағы әлеуетін дамытуға арналды.