Бұл жетістік Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары екенін және отандық курорттардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ski Business Awards сыйлығы жыл сайын тау шаңғысы индустриясының өкілдерін біріктіретін Туристік аумақтар форумы (FTT) аясында табысталады. Байқауда курорттық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және туристік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында үздік нәтижеге қол жеткізген нысандар марапатталады.
Oi-Qaragai курорты бұған дейін де халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Атап айтқанда, "Үздік IT-шешім" және "Балалар лагерінің үздік бағдарламасы" аталымдары бойынша жеңімпаз атанса, 2025 жылы маркетинг саласындағы жетістіктері үшін марапатталған.
Қазіргі уақытта Алматы облысында Oi-Qaragai курортын кеңейтуге бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 53,2 млрд теңге. Қаржы толығымен жеке инвестициялар есебінен бөлінеді. Жобаны 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Курорт аумағын кеңейту нәтижесінде оның келушілерді қабылдау мүмкіндігі артып, қызмет көрсету сапасы жақсарады. Сонымен қатар 1200-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Алматы облысы – Қазақстандағы тау және экологиялық туризмді дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 658 мың турист келген. Заманауи инфрақұрылымның дамуы туристер санын арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға және өңір экономикасын нығайтуға ықпал етеді.