Оқ тиіп, аман қалған Руслан Берденов қазақстандықтарға алғыс айтты

785

Шенеунік еліміздегі медицинаның айтарлықтай ілгерілегенін атап өтті.  

Оқ тиіп, аман қалған Руслан Берденов қазақстандықтарға алғыс айтты Фото: ruslan_berdenov

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов қазақстандықтарға алғыс айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім", - деп жазды Руслан Берденов.

Сөзінше, телефонға түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліне демеу болып, күш-қуат берді.

"Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық", - деп атап өтті ол.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қолдау білдірген қазақстандықтарға шексіз алғысын білдірді.

Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін хабарлағанбыз. Оған 4 сағат бойы ота жасалғанын және отадан соң есін жиғанын, сөйлей алатынын жазған едік. Берденовке жасалған шабуыл туралы түрлі жалған ақпарат тарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу