Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе облысында ана атанған мектеп оқушысына қатысты жағдай бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, өкінішті жағдай. Ерте жүктілік мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі. Жүйелі мемлекеттік тұрғыдан шешімге келетін болсақ, қазіргі таңда мектептерде акушер-гинеколог деген нақты маман жоқ. Соны қайтару мәселесі бойынша біз қазір Денсаулық сақтау министрлігімен жүйелі жұмыс бастап жатырмыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс кулуарында
Министр осы мәселеге байланысты БАҚ өкілдеріне өтінішін жеткізді.
"Өйткені бұл балалар өзінің ақпаратын білгеннен кейін де үлкен психологиялық жағдайға душар болды деген бізде мәлімет бар. Біз оқушының әрі қарай оқуын жалғастыруына жағдай жасауға міндеттіміз. Психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол аяқталмайынша бұдан басқа ақпаратпен бөлісе алмаймын", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбеде 14 жастағы ананың тағдырына жауаптыларды анықтау тапсырылғанын жазғанбыз.