ОҚО-да 51 мың гектарға қауын-қарбыз егілді

1142

ОҚО-да 51 мың гектарға қауын-қарбыз егілді

ОҚО-да көктемгі дала жұмыстары 97 пайызға орындалған. Ал биылғы жылы шаруаларға аталған жұмыстарға мемлекет тарапынан 55 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 27 мың тоннадан астам жанармай берілді. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мақтаарал ауданына жасаған сапары кезінде шаруалармен болған әңгіме барысында айтты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Аймақ басшысы ең алдымен Азаттық елді мекеніндегі "Қанат" шаруа қожалығының жұмысын аралап көрді.

Қожалықтың жұмысымен таныстырған серіктестік иесі Марат Мырзахметовтің айтуынша, өткен жылы 1 гектар жылыжайдан - 75 тонна қызанақ, 3,5 гектар жерден 125 тонна бақша өнімдерін алған. 8 адамға жұмыс беріп отырған ол биыл да жылыжайда қызынақ өсіріп, егістікке асқабақ дақылын еккенін айтты.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Сырабад елдімекеніндегі "Эверест" шаруа қожалығының егістік алқабыныңда болды. Мақта, жоңышқа, бақша шаруашылығымен айналысатын серіктестік 1997 жылы құрылған. Шаруашылық өткен жылы 24 тонна жоңышқа, 60 тонна бақша дақылдарын өндірген. Ал биылғы жылы 2,45 гектар жерге мақта, 1 гектар алқапқа бақша, 1 гектарға жоңышқа дақылын егіп, агротехникалық іс-шараларды тиімді ұйымдастырып отыр.

Сапары барысында әкім Атамекен ауылдық округі, Талапты ауылындағы "Майбек" шаруа қожалығындағы егілген қарбыз алқабының жұмысымен танысты. Екі гектар жерге егілген бақша дақылы бүгінде пісуге шақ қалған. Қожалық биыл 3 гектар жерге - мақта, 2 гектар жерге - бақша, 1,74 гектар жерге көкөніс дақылдарын еккен.

Жалпы ауданда биылғы жылы 138 мың гектардан астам суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 27 064 гектарын бақша дақылдары құрайды. Нақтырақ айтсақ, биыл мырзашөлдік бағбандар 19 500 гектарға қауын,  7 564 гектарға қарбыз еккен. Ал облыс бойынша 51,5 гектар жерге бақша дақылдары егілген.

"Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 833,1 мың гектарға орналастыру межеленген болса, оның бүгінге 97 пайызы орындалып отыр. Ал көктемі ерте келетін біздің аймақта диқандар ерте егін егіп, бүгінде оның жемісін көріп отыр. Мәселен облыс бойынша көктемгі егістіктен жиналған 136,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей, Беларуссия мемлекеттері мен республиканың солтүстік аймақтарына жөнелтілді. Оның 38,5 мың тоннасы Мақтаарал ауданының еншісінде", - деді облыс әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу