Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді

370

Ұлыбританияның Оксфорд университетінде оқитын студенттер қазақ тілін меңгеру үшін Түркістанға келді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде олар үшін екі апталық қазақ тілі бағдарламасы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бірлескен жұмысы аясында жүзеге асып жатыр.

Бағдарлама шетелдік студенттерге қазақ тілінің негіздерін үйретіп, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар қатысушылар Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері және ұлттық құндылықтарымен танысады.

Оксфорд студенттері сабақ барысында қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгереді. Оларға университеттің профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер арқылы сабақ береді.

Бағдарламаның оқу-әдістемелік мазмұнын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары әзірлеген. Мамандар шетелдік студенттердің қазақ тілін деңгей бойынша меңгеруіне арналған лингводидактикалық тәсілдерді дайындаған.

Жоба Oxford Birsöz бастамасының жалғасы саналады. Оның негізгі мақсаты – қазақ тілін Ұлыбританияның білім беру кеңістігіне енгізу және шетелдік аудиторияға кеңінен таныстыру.

Тіл сабақтарынан бөлек, студенттер үшін мәдени-ағартушылық кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнері және ұлттық тағамдарымен танысады.

Сондай-ақ бағдарлама қатысушылары Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапар жасап, тарихи ескерткіштер мен киелі орындарды аралайды.

Бұдан бөлек, Оксфорд студенттері Ахмет Ясауи университетінде өтетін "Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация" III халықаралық симпозиумына қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу