Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар өңірдегі білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы мен оны дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесуде білім беру ұйымдарының 2026-2027 оқу жылына дайындығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, нысандардың әзірлігі, жөндеу жұмыстарын аяқтау, оқулықтармен қамтамасыз ету, кадрлық жасақтау және балаларға қауіпсіз жағдай жасау мәселелері қаралды.
Әлібек Әлденей білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктерін жетілдіруге қатысты Қарағанды облысының ұсыныстарын таныстырды.
Ұсыныстар мектепке дейінгі, жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, жазғы демалыс пен сауықтыруды ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтер көрсету, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу мен бюджеттік жоспарлау мәселелерін қамтиды.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірдің ұсыныстары Оқу-ағарту министрлігінің қарауына қабылданып, білім беру жүйесін дамыту және жаңа оқу жылына дайындық бойынша бірлескен жұмыстың алдағы бағыттары айқындалды.