Елімізде 880-нен астам жекеменшік мектеп бар. Соның 785-і цифрландырудан өтіп, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырысты ала бастады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ең басында біздің қойған талабымыз – жекеменшік мектептердегі штат саны 90 пайызды құрауы қажет. Көптеген мектептер соған жете алмады. Сонымен қатар лицензияда білімнің міндетті стандартын толыққанды орындауы қажет. Оған байланысты да біраз бұзушылықтарды көріп отырмыз. Қазіргі таңда 2026 жылдан бастап Бас прокуратура, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар постлицензиялық бақылауды жүзеге асыратын болады. Өздеріңізге белгілі, бұл мектептер лицензия алу үшін әрбір өңірдегі білім сапасын қамтамасыз ету департаменттерінің тарапынан лицензия берілген болатын", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бүгінгі таңда министрлік жекеменшік мектептердің алдына үш талап қойып отыр.
"Біріншісі – оқыту сапасы, екінші – мұғалімдердің біліктілігі, үшіншісі – балалардың қауіпсіздігі. Осы үш талапқа сәйкес болатын болса, олардың лицензиясы қалады. Сәйкес болмайтын болса, онда постлицензиялық бақылаудан кейін құзыретті органдар өзінің шешімін қабылдайды. Ең негізгі мәселе жалпы сапалы жекеменшік мектептерді қалдыруды мақсат қойып отырмыз. Дегенмен, өздерінің ғимаратын мақсатты, нысаналы пайдалануына байланысты қазіргі таңда біраз мәселе орын алып тұр. Кейбіреулері моншада, кейбіреулері қоймада мектеп ашып, он жылдан бері жекеменшік мектеп ашып жатқанын біліп отырмыз.
Соңғы бес жылда осы мектептер мемлекеттен тапсырыс алғанын көріп отырмыз. Бұл да салғырттық деп айтқымыз келеді. Бізді алаңдатып отырғаны – білімнің сапасы. Мұғалімдердің біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндігі бізді алаңдатады. Екінші мәселе жекеменшік мектептерде былтыр 1600 "Алтын белгі" иегерлері бұл талапқа сәйкес келмеген. Біз үшін білімнің сапасы өте маңызды", – деп атап өтті ведомство басшысы.