ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне жіті назар аударуға шақырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алаяқтар онлайн ойындар мен мессенджерлерді (әсіресе Telegram) пайдаланып, балаларды алдап, ата-аналардың банк карталарының деректерін қолға түсіруге немесе кәмелетке толмағандарды заңсыз қаржылық әрекеттерге тартуға тырысады.
Балаларға ойын арқылы ұтыс ұтып алуға немесе "оңай ақша табуға" болады деп сендіріп:
• банк карталарының суретін CVV-кодымен бірге сұратады;
• карталарын "жалға беруді" ұсынады;
• достары мен сыныптастарының карталарын жинауды сұрайды.
"Бұл әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін – заң алдында жауапқа тарту қаупі бар және баланың психикасына, өмірге деген сеніміне зиян келтіреді", – делінген хабарламада.
Сіз не істей аласыз?
• Баламен ашық сөйлесіп, алаяқтың кім екенін және неге банк картасының деректерін ешкімге беруге болмайтынын түсіндіріңіз.
• Қауіпті арналарға жол бермес үшін ата-ана бақылауын орнатыңыз.
• Балаңыз интернетте кіммен, не жайлы сөйлесіп жүргенінен хабардар болыңыз.
Комитет осындай жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздікті күшейту бағытында жұмысын жалғастыруда. Алайда ең басты қорған – бұл отбасы ішіндегі сенім мен ашық әңгіме.
"Күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласыңыз. Балаларыңызға қамқор болыңыз – олардың қауіпсіздігі сіздің хабардар болуыңыздан басталады!", – деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.