Бүгін Үкімет отырысында Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясы талқыға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Almaty SuperSki ауқымды жобасы жыл бойы жұмыс істейтін туристік дестинацияға айналып, тау демалысын барлық санаттағы азамат үшін қолжетімді ете түспек.
Ержан Еркінбаевтың сөзінше, Almaty SuperSki тау курортында барлығы 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу көзделген. Өткізу қабілеті күніне – 10 000-нан аса шаңғышы. Курорттың барлық трассасының 70%-ы – жасыл және көк категориялы, яғни балалар мен жаңадан бастаған шаңғышыларға өте ыңғайлы.
– Жобаның басты басымдықтарының бірі – балаларға жағдай жасау. Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, болашақ курорт аумағында оқушыларға дене шынықтыру сабақтарын өткізу мәселесі пысықталуда. Мұндай тәжірибе туризмі дамыған Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, Австрияда жыл сайын мектеп бағдарламалары шеңберінде 80 мыңнан астам бала шаңғы спортымен айналысады, Швейцарияда 128 мыңнан астам оқушы қысқы спорттық-сауықтыру бағдарламаларымен қамтылған. Франция мен Италияда мектеп оқушыларының тау шаңғысы курорттарына баруын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылады, – деді Ержан Еркінбаев.
Нысанның инфрақұрылымы 11 заманауи әрі қолайлы аспалы жолдар салуды көздейді. Еңкейген қариядан, еңбектеген бала жетектеген ана да, мүмкіндігі шектеулі жан да төменгі Медеудегі стансасынан 3400 метрдегі Құмбел шыңына еш кедергісіз жете алады.
– Басты мақсат – тауды әр азаматқа қолжетімді қылу. Бұл аспалы жолдармен зейнеткерлер, балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар толығымен тегін жүреді, – деп нақтылады Kazakh Tourism Development LTD директоры.