Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепте оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде ата-аналар кейбір мектептердің оқушыларға белгілі бір шаш үлгісін сақтауды міндеттеп, шаш бояуға және маникюр жасауға тыйым салғанын жазды. Министрге "Мұндай талаптар қаншалықты орынды?" деген сұрақ қойылды.
"Негізінен барлық мектеп оқушыларының мектеп формасымен жүруі – заңның талабы. Әрбір мектептің ішкі тәртіп ережесі бар. Сондықтан да әрбір мектеп ішкі тәртіп ережесіне сәйкес, балалардың сыртқы келбетін регламенттеуді биыл бастаған екен. Біз шынын айтсақ, балалардың сыртқы келбеті оқу процесіне кедергі келтірмеуі қажет деп санаймыз. Сол себепті оның барлығы балаларды кемсітуге, дискриминацияға жол бермеу керек. Барлығында ортақ мектептің формасы, сонымен бірге ұқыптылық, әдептілікті көрсететін сыртқы бейнесі болуы қажет деп санаймыз", – деді Оқу-ағарту министрі Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.