Мұндай бастаманы Президент Астанада өткен Тамыз конференциясында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Жаңа цифрлық дәуірге қадам басқан тұста адами капитал дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Әрі бұл – Қазақстанның артықшылығы.
Балаларымыз – талантты. Әлемде жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр. Бірер күн бұрын Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін халықаралық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары арнайы келді.
Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі.
Озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуеті үйлесім тауып, қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отыр.
Жаңа стартаптар ашылып, алғашқы "сыңармүйіз стартаптар" пайда болды. Осы тәжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе құру қажет.
Сол себепті Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталды", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында.